Сайлау — бұл азаматтардың мемлекет пен қоғам басқаруына тікелей немесе өкілдер арқылы қатысуының заңды жолы. Яғни, халық белгілі бір лауазымға кімді қою керек екенін дауыс беру арқылы шешеді. Сайлаудың негізгі белгілері: демократиялық құқықта әр адамның таңдау жасауға, дауыс беруге тең және еркін құқығы бар. Құпиялық- кімге дауыс бергеніңіз — ешкімге жария етілмейді,бұл сіздің жеке таңдауыңыз.Бәсекелестік-бірнеше кандидат немесе партия арасында таңдау мүмкіндігі бар.Заңмен реттелген-сайлау арнайы заңдармен және ережелермен жүргізіледі. Қазақстанда сайлау арқылы Президент,Мәжіліс және Сенат депутаттары,Мәслихат депутаттары, Ауыл әкімдері және басқа жергілікті басқару органдарының өкілдері таңдалады.Сайлауға 18 жасқа толған ҚР азаматтары,Сот шешімімен әрекетке қабілеттілігі шектелмегендер, дауыс беруге құқығы бар азаматтар қатыса алады. Сайлаудың мақсаты-халықтың еркін білдіруі арқылы әділ, заңды және сенімді билік органдарын қалыптастыру. Осы орайда Түркістан облысы Түлкібас ауданында да әр сайлау науқаны жоғары деңгейде, ұйымдасқан түрде өткізіліп келеді. Аудан тұрғындары саяси науқанның маңыздылығын жете түсініп, азаматтық жауапкершілікпен белсенді қатысып келеді. Сайлау учаскелері талапқа сай жабдықталған, барлық санитарлық-гигиеналық нормалар сақталған. Дауыс беру құпиялығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Әр учаскеде тәуелсіз бақылаушылар, кандидаттардың сенімді өкілдері жіті бақылауда.
Бүгінде кез-келген сайлауға аудан және ауыл тұрғындары ерекше белсенділік танытуда. Алдағы 29 маусым күні өтетін ауыл әкімін сайлау — жергілікті халық үшін маңызды саяси оқиға болмақ.Сайлау науқанына орай Түлкібас ауданы Тастұмсық, Арыс ауылдық округтеріндегі барлық сайлау учаскелері дайындық жұмыстарын бастап кетті. Әсіресе, арнайы мектептерде, мәдениет үйлерінде, ауруханалар мен мемлекеттік мекемелерде орналасқан учаскелерде ұйымдастыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Комиссия мүшелері дауыс беруге қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, учаскелерді талапқа сай жабдықтап жатыр.Сайлаудың ашық әрі әділ өтуі үшін барлық шаралар қабылданған. Қауіпсіздік, дауыс беру құпиялығы, санитарлық талаптар мен техникалық жабдықталу толық қамтамасыз етіледі.Халық арасында сайлау алдындағы қызығушылық жоғары. Тұрғындар ауыл келешегіне бейжай қарамай, өз таңдауын жасауға дайын екендерін білдіруде.
Сайлау комиссиясының төрағаларының айтуынша, бұл жолғы сайлауда дауыс берушілердің қауіпсіздігі, құпиялығы және құқықтарының сақталуы басты назарда. Әрбір дауыс – сенім мен болашақтың кепілі. Аудан халқы бұл жолғы сайлауға ерекше көңіл бөліп отыр. Ауыл тұрғындары үшін әкім — күнделікті өмірге тікелей әсер ететін шешімдердің басында тұратын тұлға. Сондықтан халықтың мүддесін қорғайтын, жергілікті мәселелерді шешуге қауқарлы, халықпен тығыз байланыс орната алатын азамат таңдалуы керек деген пікірлер жиі естіледі. Ауыл әкімдігіне үміткерлердің қатарында түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар бар: білім, медицина, мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлік саласынан.Олардың ішінде ауыл инфрақұрылымын дамыту, жастарға жағдай жасау, ауыл шаруашылығын қолдау, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру секілді нақты жоспарлар бар. Ауыл тұрғындары өздерінің таңдаулары арқылы болашақта ауданның дамуына тікелей әсер ете алады. Бұл – ауыл өмірін жақсартуға жасалған нақты қадам. Кез-келген сайлауда адал, еңбекқор азаматтың сайлануы – тек бүгіннің емес, ертеңнің де кепілі.
