Үйсіз ғана емес, үмітсіз де қалдық. Төлеби ауданына қарасты Әңгір ата елді мекенінде екі бірдей баспана өртке оранды. Аталған жағдай түңгі сағат үш он бес шамасында орын алған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Толығырақ әріптесім тарқатад..
Қайғылы оқиға түн ішінде орын алған. От тез таралып, отбасы мүшелеріне үйден тек киімдерімен шығып үлгеруге тура келген. Ең сорақысы – бұл отбасының аулада орналасқан екі бірдей баспанасы жанып кеткен. Бір мезетте екі үйді жалмаған тілсіз жаудың себептері әзірге белгісіз. Үй егесі сала жауаптыларының алдына барғаны мен, «осыған да қанағат етсеңізші» -деп шығарып салған, мамандар сөзіне қынжылып отыр. Өртке оранған үй егесі, барлық көмек тек жақындарының қолдауы арқылы шешіліп жатқанын айтад…
Қазіргі таңда зардап шеккендер көршілерінің үйін паналап отыр. Ал, әкімдік тарапынан нақты көмек көрсетілмеген. Отбасы мүшелерінің туыстары мен ауыл тұрғындары болмаса, жағдай мүшкіл. Паналар баспана жоқ, материалдық қолдау мардымсыз. Тұрмысынан айрылған тұрғын сөзіне сүйеніп, «Төлеби ауданының Кемеқалған ауылдық округі әкімінің аппаратына» келгеніміз бен басшылық кезекті демалысқа шығып кеткен екен.
Сәкен Омар – енді тек естелігі қалған екі үйдің иесі. Бір кездері балалары асыр салып ойнаған аула, бүгінде – қара күйе мен үнсіз қабырға ғана. Тілсіз жау түн ортасында орын алған. Көзіне жас алған тұрғын, егер дәл сол сәтте куәгер байқап, дабыл қақпағанда, жанұям да жанып кетер еді дейді..
Аудандық жұмыспен қамту орталығының берген ақпаратына сәйкес, Сәкен Омарға 780 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі деп уәде берілген. Алайда бұл қаржы қашан беріледі, қалай рәсімделеді? Бұл сома бүкіл үйді қалпына келтіруге жете ме? Жауаптылар не дейді? Апат айтып келмейді, бірақ төтенше жағдайға дайын болу мемлекет пен қоғамның басты міндеті емес пе?
Түңгі тыныштықты жалын бұзды. Абырой болғанда – тілсіз жау адам өмірін жалмаған жоқ. Әр секунд шешуші рөл ойнаған бұл жағдайда, ең алдымен көршінің қырағылығы және ТЖД қызметінің дер кезінде жеткені. Алайда қос баспананың өзін құтқару мүмкін болмады.
Әзірге отбасы бар үмітін билік пен қайырымды жандардан күтіп отыр. Бірақ нәтиже жоқ. Құжат рәсімдеу, тексеру, комиссия шешімі – ұзаққа созылатын түрі бар. Ал үйсіз қалған отбасы үшін әрбір күн – күрес, үміт пен үрей. Бұл тек бір отбасының қайғысы емес – бұл жүйенің осалдығын көрсететін көрініс. Біз бұл тұрғынның тағдырын назарда ұстаймыз. Тиісті органдардан нақты жауап күтеміз. Ал әзірге, екі баспанасынан айырылып, аман қалған жандарға тек сабыр тілейміз.
